Microsoft License Terms
MICROSOFT ҚЫЗМЕТТЕРІ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОСЫМША
MICROSOFT 365 BUSINESS STANDARD ЖӘНЕ MICROSOFT 365 БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ
ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН ЖАЗЫЛЫМДАРЫ
Соңғы жаңартылуы: маусым, 2021 ж. Шағын бизнеске арналған Microsoft 365 жазылымын таңдағаныңыз үшін алғыс білдіреміз! Осы шағын бизнеске арналған қызметтер мен бағдарламалық жасақтама жазылымына («Жазылым») кіретін Microsoft 365 Business Standard немесе Microsoft 365 бағдарламаларын («Қызмет») пайдалану (a) Microsoft қызметтері туралы келісіммен; (b) Microsoft қызметтері туралы келісімнің осы қосымшасымен («Қосымша»), соның ішінде осы Келісімге қатысты басқа кез келген шарттармен, (c) Microsoft корпорациясы ұсынатын және сіз Қызметке байланысты пайдаланылатын кез келген бағдарламалық жасақтама қосымшалары, жаңартулары және қызметтерімен бірге жүретін кез келген шарттармен; және (d) Қызметті құрылғыға орнату және пайдалану кезінде берілуі мүмкін қандай да бір бөлек лицензиямен реттеледі (барлығы бірге – «Келісім»). Қызметті пайдалану лицензиясының қалай берілетінін және оның (i) Бір пайдаланушыға немесе бірнеше пайдаланушыға арналған жазылымды пайдалануына байланысты (төмендегі 1.b бөлімін қараңыз) және (ii) Жазылымыңыздың коммерциялық жалға алушы деңгейіне (төмендегі 1.f бөлімін қараңыз) көтерілуіне байланысты қалай өзгеретінін түсіну үшін осы Қосымшаны мұқият оқып шығыңыз. Осы Қосымшаны толығымен, соның ішінде барлық сілтеме жасалған шарттарды қарап шығуыңыз керек, себебі бұл шарттардың барлығы маңызды болып табылады және сізге қатысты қолданылатын осы келісім-шартты құрайды. Шолғыш терезесіне тиісті сілтемені қою арқылы қатысты шарттарды қарап шығуыңызға болады. Microsoft қызметтері туралы келісім мен осы Қосымшаның арасында қандай да бір қайшылық болған жағдайда, Қызметті пайдалануыңыз осы Қосымшаға сәйкес реттеледі. Осы Жазылым бойынша Қызметті пайдалану арқылы сіз өзіңіз бен Microsoft корпорациясы (немесе тұратын жеріңізге байланысты оның еншілес тұлғаларының бірі) арасында жасалған Келісімнің шарттарын қабылдайсыз. Егер осы Келісімнің шарттарын қабылдамасаңыз және оларды орындамасаңыз, Қызметті пайдалана алмайсыз. Егер осы құжатта басқасы көрсетілмесе, осы Қызметті пайдаланған кезде сізден және сіздің құрылғыларыңыздан жиналатын дерек түрлері («Деректер»), Деректерді пайдалануымыз және оларды өңдеуге қатысты біздің құқықтық негіздеріміз Microsoft корпорациясының құпиялылық туралы мәлімдемесінде (https://go.microsoft.com/fwlink/?LinkId=521839) («Құпиялылық туралы мәлімдеме») сипатталады. Түсінікті болуы үшін, Microsoft корпорациясының құпиялылық туралы мәлімдемесіндегі «Ұйымыңыз ұсынатын өнімдер түпкі пайдаланушыларға арналған хабарлама» бөлімі осы Келісім бойынша ұсынылатын қызметтерге қолданылмайды.
1. Лицензия; пайдалану; белсендіру.
a. Лицензия. Бұл Қызмет лицензия бойынша ұсынылады және сатылмайды. Егер сіз Келісімнің барлық шарттарын орындайтын болсаңыз, біз сізге жеке және коммерциялық пайдалану мақсатында Қызметтің көшірмелерін сіз иелік ететін және басқаратын бес құрылғыға орнату және іске қосу құқығын береміз, ал егер сіз Жазылушы болсаңыз (анықтамасы төменде берілген), осы Келісімге сәйкес басқа пайдаланушыларды Қызметтің көшірмелерін өздері иелік ететін бес құрылғыға орнатуға және іске қосуға шақыру құқығын береміз. Microsoft қызметтері туралы келісімде көрсетілген коммерциялық емес пайдалануды шектеу сіздің осы Қызметті пайдалануыңызға қолданылмайды.
b. Жазылушы үлгісі және пайдаланушылар саны. Бұл жазылым «Бір пайдаланушыға арналған жазылым» немесе «Бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым» түрінде қолжетімді. Бір пайдаланушы мен бірнеше пайдаланушыға арналған Жазылымның екеуіне де пайдаланушы болып табылатын бір ғана жазылушы («Жазылушы») жазылады. Бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым Қызметті пайдалануға 50 (елу) лицензияға дейін қамтиды (әрқайсысы «Жазылым лицензиясы» болып табылады). Жазылушы Қызметті пайдалануға 49 (қырық тоғыз) пайдаланушыға дейін шақыра алады, әрқайсысы оны жеке Жазылым лицензиясы бойынша пайдаланады. Қызметті бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым арқылы пайдалануға рұқсат берілген әрбір пайдаланушы Қызметті пайдалануда толық бақылауға ие және тәуелсіз пайдаланушы болып табылады. Жалпы алғанда, бірнеше пайдаланушыға арналған жазылымда Жазылушы басқа пайдаланушылардың кез келген мазмұнын немесе деректерін, сондай-ақ Қызметті пайдалануын көре алмайды немесе бақылай алмайды. Алайда, кейбір шектеулі жағдайларда және тек тіркелгілерді басқару мақсатында, Жазылушы бірнеше пайдаланушыға арналған жазылымда пайдаланушы тіркелгісінің деректері мен басқа пайдаланушылардың іс-әрекет журналдарына қол жеткізе алады. Осы деректерге қатысты деректер субъектісінің кез келген құқығын пайдалану үшін, бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым пайдаланушылары Жазылушыға хабарласуы керек. Бір пайдаланушы және бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым бойынша Қызмет арқылы өңделген барлық басқа деректерді және жеке деректерге қатынасу, оларды бақылау туралы ақпаратты Microsoft корпорациясының құпиялылық туралы мәлімдемесінен қараңыз.
c. Жүйеге кірген құрылғылар. Қызметті пайдалану үшін пайдаланушы тарапынан бір уақытта қосылатын құрылғылар санына техникалық шектеулер қойылған болуы мүмкін, бұл https://go.microsoft.com/fwlink/?linkid=874481 мекенжайындағы анықтамалық мақалада сипатталған. Осы құжатта рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, осы құрылғыда Қызметті бір уақытта бір адам ғана пайдалана алады. Бағдарламалық жасақтаманың құрамдастары тұтас бірлік ретінде лицензияланады, әрі құрамдастарды бөлуге немесе виртуализациялауға және басқа құрылғыларға орнатуға болмайды. Төмендегі «Қашықтан көмек көрсету» бөлімінде сипатталғандай пайдалануға рұқсат етілген жағдайларды есепке алмағанда, бұл лицензия бағдарламаны құрылғының енгізу механизмдері, мысалы, пернетақта, тінтуір немесе сенсорлық экран арқылы тікелей пайдалануға ғана арналған. Бағдарламалық құралды серверге орнатуға, не болмаса ішкі немесе сыртқы желі арқылы серверге қосылған басқа құрылғылар арқылы пайдалануға және коммерциялық мақсатта хостқа орналастыруға тыйым салынады. Бірнеше пайдаланушы сценарийлері мен виртуализация туралы қосымша ақпаратты төмендегі 1.e бөлімінен қараңыз.
d. Белсендіру. (i) Бұл қалай жұмыс істейді. Белсендіру Қызметті белгілі бір құрылғыда қолданатындай етіп байланыстырады. Қызметті пайдалану лицензиясы берілген әрбір құрылғыны белсендіру қажет болады. Қызметті пайдалану үшін пайдаланушының құрылғысына бағдарламалық құрал жүктелуі қажет. Белсендіру кезінде бағдарламалық құрал Microsoft корпорациясымен немесе оның еншілес тұлғасымен автоматты түрде байланысып, лицензияның осы құрылғымен байланыстырылғанын растайды. Белсендіру Қызметтің лицензиялау немесе белсендіру мүмкіндіктеріне рұқсатсыз енгізілген өзгерістерді анықтау және Қызметті басқа да жолмен лицензиясыз пайдалануға жол бермеу мақсатында жүзеге асырылатындықтан, белсендіруге берілген уақыт өткеннен кейін сіз Қызметті пайдалана алмайсыз және белсендіру процесін айналып өте алмайсыз. Егер сіз алғашқы белсендіруге берілген уақыт ішінде Қызметке Microsoft тіркелгісімен кірмеген болсаңыз, Қызмет пен бағдарламалық құралдың бірқатар функциялары жұмысын тоқтатады. (ii) Microsoft жүйесіне қосылу. Белсендіру туралы қосымша ақпаратты Office қолдау қызметінің (microsoft.com) Office бағдарламасын белсендіру бөлімінен қараңыз. Егер құрылғы интернетке қосылған болса, тіркелгіге кірген кезде белсендіруді орындау үшін бағдарламалық құрал Microsoft желісіне автоматты түрде қосылады. Белсендіру үшін интернетке қосылуыңыз қажет және оған қосымша ақы алынуы мүмкін. (iii) Қайта белсендіру. Құрылғының немесе бағдарламалық құралдың құрамдас бөліктерінің өзгеруі бағдарламалық құралды қайта белсендіруді қажет етуі мүмкін. (iv) Белсендіру қатесі. Онлайн белсендіру кезінде бағдарламалық құралдың лицензиялау немесе белсендіру функциялары жалған немесе дұрыс лицензияланбаған болғаны анықталса, белсендіру сәтсіз аяқталады. Егер бағдарламалық құралдың орнатылған көшірмесі дұрыс лицензияланбаған болса, бағдарламалық құрал сізге ол туралы хабарлайды. Осыған қоса, сізге бағдарламалық құралдың дұрыс лицензияланған көшірмесін алу туралы еске салғыштар көрсетіледі.
e. Сценарийлерді бірнеше рет пайдалану. (i) Құрылғы. Бұл келісімде «құрылғы» сөзі бағдарламалық құралды іске қоса алатын ішкі жад құрылғысы бар (физикалық немесе виртуалды) аппараттық жүйені немесе мобильді құрылғыны білдіреді. Қатты дискідегі бөлім немесе диск бір құрылғы болып есептеледі. Осы Келісімге қатысты «құрылғы» сөзі бағдарламалық құрал орнатылған немесе тек желі арқылы қашықтан пайдалану үшін ғана қол жеткізілетін қандай да бір (физикалық немесе виртуалды) аппараттық жүйені қамтымайды. (ii) Бірнеше немесе біріктірілген қосылымдар. Бірнеше немесе біріктірілген қосылымдар үшін қолданылатын жабдық не болмаса бағдарламалық құрал не болмаса бағдарламалық құралды ашатын немесе пайдаланатын құрылғылардың немесе пайдаланушылардың санын азайту қажетті лицензиялар санын азайтпайды. Пайдаланып отырған бағдарламалық құралдың әр данасы үшін лицензияңыз болса, мұндай жабдықты немесе бағдарламалық құралды пайдалануға болады. (iii) Виртуалды ортада пайдалану. Бұл лицензия құрылғының физикалық немесе виртуалды болғанына қарамастан, бір құрылғыда пайдалану үшін бағдарламалық құралдың тек бір данасын орнатуға рұқсат береді. Бағдарламалық құралды бірнеше виртуалды құрылғыда пайдаланғыңыз келсе, әрқайсысы үшін бөлек лицензия алу қажет. (iv) Қашықтан көмек көрсету. Бағдарламалық құрал үшін қосымша лицензия алмастан, белсенді сеансты бөлісу үшін қашықтан көмек алу технологиясын пайдалануға болады. Қашықтан көмек алу технологиясы әдетте мәселелерді шешу үшін бір пайдаланушыға басқа пайдаланушының компьютеріне тікелей қосылуға мүмкіндік береді.
f. Жазылым мерзімі; лицензияның жарамдылық мерзімі; коммерциялық жалға алушыны жаңарту. (i) Жазылым мерзімі. Осы Жазылым бойынша Қызметті пайдалану құқығыңыз Жазылым мерзімімен шектеледі. Жазылушы Жазылымды ұзарту мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Егер Жазылым мерзімі ұзартылған болса, ұзартылған Жазылым мерзімі аяқталғанға дейін Қызметті Жазылым бойынша пайдалануды жалғастыра аласыз. Жазылым туралы қосымша мәлімет алу үшін бағдарламалық құралды белсендіру экрандарын немесе басқа ілеспелі материалдарды қараңыз. (ii) Жазылым мерзімінің аяқталуы. Бұл Жазылымның мерзімі аяқталғаннан кейін, барлық Жазылым лицензиялары тоқтатылады және Қызметтің Жазылымға байланысты барлық функциялары жұмысын тоқтатады. Жазылым мерзімі аяқталғаннан кейін жұмысын тоқтататын функциялар туралы қосымша ақпаратты «Microsoft 365 бағдарламаларын лицензиялау және белсендіруге шолу» бөлімінен қараңыз. Қызметті жеке жазылым бойынша пайдалануды жалғастыра аласыз, бірақ Қызметті сондай бөлек жазылым бойынша пайдалануыңыз осы Қосымша арқылы реттелмейтін болады. (i) Коммерциялық жалға алушыға жаңарту. Жазылушы ұйымның жазылымына ауысуды шешсе, бұл Жазылымның күші жойылады. Бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым үшін, Жазылушы ұйымның жазылымына ауысқан кезде, коммерциялық жалға алушы орнатылады. Жазылушы бірнеше пайдаланушыға арналған жазылым пайдаланушыларын осы коммерциялық жалға алушыға қосылуға шақырып, Қызметті ұйым жазылымының аясында пайдалануын жалғастыра алады. Бірнеше пайдаланушыға арналған жазылымының пайдаланушыларын коммерциялық жалға алушыға қосылуға шақырған кезде, Жазылушылар пайдаланушыларға коммерциялық тіркелгілерді/пайдаланушы аттарын беру кезінде доменді бекіту үшін Microsoft әкімшілік орталығын пайдалануға келіседі. Егер сіз коммерциялық жалға алушыға қосылсаңыз, сіздің Қызметті пайдалануыңыз сол ұйым жазылымының әкімшісі қабылдаған Microsoft коммерциялық келісімдерімен, Microsoft онлайн қызметтерінің шарттарымен және Microsoft онлайн жазылым туралы келісімімен, сондай-ақ ұйым мен оның пайдаланушылары арасындағы қарым-қатынас ретінде ұйым талап етуі мүмкін басқа кез келген шарттармен және талаптармен реттеледі, бірақ олармен шектелмейді. (ii) Пайдаланушы деректерін немесе Мазмұнын Коммерциялық жалға алушыға тасымалдамау. Сіз басқа пайдаланушылармен бөлісетін немесе осы Жазылым бойынша Қызмет арқылы жасайтын деректер де, мазмұн да сіздің тарапыңыздан қосымша әрекетсіз коммерциялық жалға алушыға тасымалданбайды. Microsoft корпорациясы қандай да бір пайдаланушыдан пайдаланушы деректерін немесе мазмұнын коммерциялық жалға алушыға тасымалдауды талап ете алмайды.
2. Қосымша лицензиялық шектеулер мен талаптар.
a. «Қайта сатуға арналмаған» жазылымы. «Қайта сатуға арналмаған» жазылым карталары шектеулі мақсаттарда таратылады. «Қайта сатуға арналмаған» сияқты белгісі бар жазылым карталарын сатуға рұқсат етілмейді. b. Қаріптер. Бағдарламалық құрал жұмыс істеп тұрғанда, сіз мазмұнды басып шығару және бейнелеу үшін оның қаріптерін қолдануға құқылысыз. Мазмұнды басып шығару үшін қаріптерді уақытша принтерге немесе басқа шығару құрылғысына жүктеуге болады, әрі қаріптерді мазмұнға тек қаріптердегі ендіру шектеулері рұқсат еткендей ендіре аласыз.
- Құқықтарды сақтау және кері байланыс. Осы Келісімде анық көрсетілгендерді қоспағанда, Microsoft корпорациясы сізге Microsoft корпорациясы немесе кез келген заңды тұлға иеленетін немесе бақылайтын кез келген патенттер, ноу-хау, авторлық құқық, коммерциялық құпиялар, сауда белгілері немесе басқа зияткерлік меншік, соның ішінде шектеусіз кез келген атау, фирмалық безендірме, логотип немесе сол сияқтылар бойынша лицензия немесе басқа құқықтар бермейді. Егер сіз Microsoft корпорациясына кез келген идея, ұсыныс, пікір, ойыңыз немесе басқа да пікір ("Пікір") білдірсеңіз, Сіз Microsoft корпорациясына Пікіріңізді кез келген жолмен немесе кез келген мақсатқа тегін пайдалануға, бөлісуге және сатуға құқық бересіз. Сонымен бірге Сіз үшінші тараптарға пікір қамтылған Microsoft бағдарламалық құралының немесе қызметінің кез келген бөліктерін тегін пайдалануға немесе байланыстыруға құқық бересіз. Microsoft корпорациясына бағдарламалық құралын немесе құжаттамасын лицензиялауды немесе үшінші тараптарға қызметтерін қамтамасыз етуді қажет ететін қандай да лицензия қолданылатын Пікір бермейсіз, себебі Microsoft корпорациясы сіздің Пікірлеріңізді оларға қосады.